Сенбіге қараған түнде Виктория штатында 4.8 магнитудалық жер сілкінісі болып, Мельбурн қаласы мен айналасындағы тұрғындарды оятты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Австралияның геоғылым қызметінің мәліметінше, жер сілкінісі жергілікті уақытпен таңғы 2.01-де Мельбурннен оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жердегі Леонгата маңында тіркелді. Алдын ала болжам бойынша магнитудасы 4.8 болды. Дүмпу қаланың шығыс аудандарында да анық сезілді.

Геоғылым қызметі мыңдаған адамнан жер сілкінісін сезгені туралы хабарлама келіп түскенін мәлімдеді. Нарре-Уоррен тұрғыны Брайан Морли әлеуметтік желідегі парақшасында «сездім, мені оятты» деп жазса, Тереза Стивенс «Гарфилдтегі үйімізді шайқады» деп хабарлады. Басқа жазбалардан дүмпудің Престон, Хайдельберг-Хайтс, Венус-Бей және Мельбурннің тағы да көптеген бөліктерінде сезілгені байқалады.

Жер сілкінісінің ошағы жер бетінен шамамен 10 шақырым тереңдікте болған.

Виктория штатының төтенше жағдайлар қызметі бұл жер сілкінісін жер сілкінісі кезінде сақталатын қағидаларды еске салуға тиімді мүмкіндік деп атады: жерге еңкейіп, берік жиһаздың астына тығылып, бас пен мойынды қорғап, шайқалу тоқтағанша сол күйде қалу қажет.

Метеорология бюросы жер сілкінісінен цунами қаупі жоқ екенін хабарлады.