Атақты «Сопрано» телехикаясындағы рөлімен танымал американдық актер Винсент Пасторе 80 жасында өмірден озды. Бұл туралы оның өкілі Гленн Аттерманн мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Аттерманнның айтуынша, Пасторе актерлік өнерді жанындай сүйген, әрқашан жас әріптестеріне қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берген. «Ол актер болуды жақсы көрді, өз ісіне адал болды. Жас актерлерге әрқашан дем беріп, құрметпен қарайтын. Оның жоғалуы мен үшін өте ауыр. Отыз жылдан астам уақыт бойы оның керемет мансабын ғана емес, керемет адам болғанын көрдім. Оның достығын, адалдығын, әзілкештігін және жүрегінің жылуын сағынамын», — деді Аттерманн.

Пасторе 1946 жылы Бронксте дүниеге келген. Вьетнам соғысы кезінде АҚШ Әскери-теңіз күштерінде қызмет еткен, содан кейін актерлік мансабын бастаған. Оның алғашқы жұмыстарының қатарында «Жақсы жігіттер» және «Карлитоның жолы» фильмдеріндегі рөлдер болды. Кейінірек ол «Заң мен тәртіп», «Жалпы аурухана» және «Гавайи 5-0» сияқты телехикаяларда көрінді.

Дегенмен, Пастореге әлемдік танымалдықты «Сопрано» телехикаясы әкелді. Ол сыншылар жоғары бағалаған шоудың барлық алты маусымына қатысты, дегенмен оның кейіпкері екінші маусымда өлтірілген болатын. 2000 жылы Пасторе және оның «Сопрано» тобындағы әріптестері драмалық сериалдағы үздік актерлік ансамбль ретінде «Экран актерлері гильдиясының» сыйлығын жеңіп алды.