Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан тұтынушылары ақаулы өнімдер мен сапасыз қызметтер үшін 1,5 млрд теңге қайтарып алды. Қайтарым сомасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,3% өскен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Шағымдарды қарау нәтижесінде 15 мың тұтынушының талаптары қанағаттандырылды. Тағы 15,4 мың адам заңгерлік көмек пен кеңес алды, ал 12 мың азаматтың өтініші тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді.

Сатып алушылардың шағымдары негізінде аумақтық департаменттер 776 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 892 әкімшілік іс қозғалып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 17,3 млн теңгеге жетті.

Ең ірі қайтарымдардың бірі – Lexus LX 600 автокөлігінің сатып алушысына өтемақы төлеу. Департаменттің құқықтық қолдауынан кейін «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС компаниясы тұтынушыға көліктің толық құнын – 79,49 млн теңгені қайтарды.

Жылжымайтын мүлік сатып алушылары да едәуір сомаларды қайтарып алды. Маңғыстау облысында «Tuha Development» тұрғын үй құрылыс кооперативімен үлестік қатысу шарты бойынша дау сотсыз реттелді: тұтынушыға 14 млн теңгеден астам төленді. Шымкентте «Канфар Бюлдинг» ЖШС-нен сатып алынған пәтердің сатып алушысы тұрғын үйден анықталған кемшіліктер туралы шағымды қарау нәтижесінде 15,1 млн теңгені қайтарып алды.

Сонымен қатар Қазақстанда «Сапалы өнім» жобасы аясында өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын тексеру жалғасты. Жартыжылдықта мамандар 874 тауар түрін зерттеп, 623 атау бойынша бұзушылықтар анықтады. Анықталған жағдайлардың басым бөлігі (84%) дұрыс таңбаланбауға байланысты болса, тағы 16% санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға қатысты. Тексеру қорытындысы бойынша 462 кәсіпкерге қатысты шара қолданылды.