Өскеменде техногендік төтенше жағдайлар кезінде қалалық биліктің нақты іс-әрекет тәртібі бекітілді. Ол әкімдік пен заңгер, қоғам белсендісі Алексей Божков арасындағы медиативтік келісімге негізделген. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысында айтылған, деп хабарлайды infohub.kz.

Сотқа дейін тараптар татуласу келісіміне келді, сот оны заң талаптарына сай деп танып, қаулысымен бекітті. Келісім шарттары бойынша, Өскемен әкімі 2026 жылдың 30 шілдесіне дейін қауіпті өндіріс нысандары мен улы, күшті әсер ететін улы және басқа да қауіпті заттар қолданылатын кәсіпорындарда техногендік төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты хабардар етудің міндетті регламентін әзірлеп, бекітуі тиіс.

Құжатта болашақ регламентке нақты талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, халық төтенше жағдай туралы ақпарат алғаннан кейін он минут ішінде хабардар етілуі тиіс. Әрі қарай билік тұрғындарға нақтыланған мәліметтерді кезең-кезеңімен жеткізуге міндеттенеді: оқиға орны, төтенше жағдайдың сипаты, қауіпті заттың түрі (егер анықталса), сондай-ақ халықты қорғау бойынша ұсыныстар. Сонымен қатар, жаңа деректер түскен сайын қайта хабарлау қарастырылған. Ақпаратты барлық мүмкін тәсілдермен, оның ішінде ресми интернет-ресурстар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату қажет.

Қаулы шыққаннан кейін екі күн өткен соң сот істі қайта қарауға мәжбүр болды. Құжаттың қарар бөлігінде қателік анықталды. Бастапқыда сот актісінде әкімдік халықты хабардар ету регламентін "қайта қарап, бекітуі" керек делінген. Алайда кейін сот тұжырымды түзетіп, тараптар "міндетті регламентті әзірлеу және бекіту" туралы келіскенін көрсетті. Сот түзетудің техникалық сипатта екенін және қабылданған сот актісі мен тараптардың келісімінің мәнін өзгертпейтінін атап өтті.

Сот сондай-ақ бекітілген татуласу келісімінің міндетті күші бар екенін түсіндірді. Егер оның шарттары ерікті түрде орындалмаса, құжат атқару парағы негізінде мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкін.

Қоғам белсендісі талап арызын мамыр айында Өскемендегі "Казцинк" ЖШС металлургиялық алаңындағы апаттан кейін берген. Сонда көптеген қала тұрғындары болған оқиға туралы ресми ақпаратты ұзақ уақыт алмағандарын және оның денсаулыққа қауіп төндіретінін түсінбегендерін айтқан. Дәл осы әкімдіктің жедел хабарлау бойынша әрекетсіздігі ШҚО МАӘС-қа берілген талаптың негізі болды.