Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына шамамен 75 мың білім гранты бөлінді, оған 127 мың талапкер үміттенуде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаеваның айтуынша, мемлекеттік білім тапсырысы еңбек нарығының білікті мамандарға деген қажеттілігін ескере отырып қалыптастырылады. Биыл гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға, 20 пайызы педагогикалық бағыттарға, қалған 20 пайызы басқа мамандықтарға бағытталды.
«Гранттар конкурстық негізде ҰБТ нәтижелері, таңдалған білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындары, сондай-ақ заңнамада белгіленген квоталар ескеріле отырып бөлінді», — деп атап өтті Есінбаева.
Болашақ студенттер арасында «Аударма ісі», «Халықаралық қатынастар», «Құқықтану», «Психология», «Қаржы» бағдарламалары, сондай-ақ педагогикалық бағыттар ерекше танымал болды.
Білім гранттарын тағайындау бойынша конкурс қорытындылары Республикалық конкурстық комиссия отырысында бекітілді. Нәтижелер ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ресми парақшасында және министрліктің сайтында жарияланатын болады.


