14 жастағы қазақстандық футболшы Кәрім Мендиканов испаниялық «Барселонамен» келісімшартқа қол қойды. Енді ол каталониялық клубтың жасөспірімдер командаларында өнер көрсетеді, деп хабарлайды infohub.kz.
«Өмірімдегі ең үлкен клубпен келісімшарт жасасқаныма өте қуаныштымын», — деп жазды Мендиканов әлеуметтік желіде «Барселона» кеңсесінде түскен суретін жариялап.
Кәрім Мендиканов 2011 жылы 10 қарашада Орал қаласында дүниеге келген. «Барселонаға» ауысқанға дейін ол каталониялық «Сан-Кугат» клубында ойнаған. Еншісінде Қазақстанның 16 жасқа дейінгі юниорлық құрамасында бір ойын өткізген.
Бұған дейін тағы бір қазақстандық футболшы — 17 жастағы Дастан Сатпаев Алматының «Қайратынан» лондондық «Челсиге» ауысқан еді. Ағылшын клубы шабуылшының құқығы үшін қазақстандық футбол тарихындағы рекордтық 4,3 миллион еуро төледі. Сатпаев «Қайраттағы» соңғы ойынын дубльмен аяқтады.


