Америкалық инженер Нейтан Томас Гиннесс рекордтар кітабына тарихтағы ең жас ер профессор ретінде ресми түрде енгізілді. Ол 18 жасында Флорида штатындағы Майами-Дейд колледжінде болашақ инженерлерге арналған бағдарламалау курсын оқыта бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Осы нәтижемен Томас 1717 жылдан бері сақталып келген шотланд математигі Колин Маклореннің рекордын жаңартты. Дарынды жігіттің оқу жолы 10 жасында қатар оқу бағдарламасымен басталды. 14 жасында Томас Флорида халықаралық университетіне ауысып, 18 жасында электротехника саласында бакалавр және магистр дәрежелерін үздік аяқтады. Осыдан кейін ол өзінің алғашқы колледжіне оралып, көпшілігі өз құрбылары болған студенттерге дәріс оқи бастады.

Нейтан Томастың айтуынша, бәрі оқуға жиналған аудиторияда жас маңызды емес. Ол біліммен бөлісу мүмкіндігі үшін университетке алғысын білдірді. Қазір 21 жастағы маман онлайн сабақ береді және Майами университетінде заңгерлік білім алуда.