Қазақстанда 25 шілде мен 5 тамыз аралығында ақылы бөлімге түсушілер үшін тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өтінімді app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы беруге болады. Тестілеудің өзі 10-15 тамыз аралығында өтеді, деп нақтылады Ұлттық тестілеу орталығы.
Тамыз айындағы ҰБТ үш санаттағы талапкерлерге арналған. Біріншіден, қайта тапсыру үшін: алдыңғы тестілеулерде шекті балл жинай алмағандар, сондай-ақ өткен жылдардағы шартты түрде қабылданған студенттер. Екіншіден, бейінін өзгерту үшін: мамыр-маусым айларындағы тестілеуге қатысушылар бейіндік пәндер комбинациясын өзгерте алады. Үшіншіден, ауысу үшін: шығармашылық мамандықтардан қарапайым немесе педагогикалық бағыттарға ауысуды жоспарлап отырған студенттер.
Ағымдағы және өткен жылдардағы мектеп және колледж түлектері, қандастар, сондай-ақ шетелде мектеп бітірген қазақстандықтар тіркеле алады. Өтінім беру кезінде қатысушылар тапсыратын пунктті, күні мен уақытын өздері таңдайды.
Колледж түлектері өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде оқуды жалғастырғысы келетін болса, ҰБТ-сыз — университеттің қабылдау комиссиясындағы сұхбат нәтижесі бойынша түсе алады.


