Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтар 31 желтоқсанда қосымша демалыс алу мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, бұл күні жұмыс істеу-істемеу жұмыс берушінің қалауына байланысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлермен келісім бойынша 31 желтоқсанды қысқартылған жұмыс күні етіп белгілеуге, икемді жұмыс уақыты режимін қолдануға немесе қызметкерлерді жұмыстан толық босатуға құқылы. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында айтылған.
Ведомство еліміздегі мереке күндері «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының заңымен реттелетінін еске салды. Бұл құжат ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және басқа да мерекелерді көздейді.
«Бұл ретте ұлттық және мемлекеттік мерекелер атап өтілетін күндер жұмыс күні болып саналмайды. Сонымен қатар, мереке күндері, әдетте, маңызды тарихи, мәдени немесе қоғамдық-саяси оқиғалардың құрметіне белгіленеді және идеологиялық, тәрбиелік және мәдени жүктеме алып жүреді», — деп қосты ведомство.
Осылайша, жұмыс беруші еңбек заңнамасы мен ұжымдық шартқа сәйкес 31 желтоқсанды қосымша демалыс күні ретінде бекіте алады.


