Қазақстандық ғалымдардың ауқымды зерттеуі қауіпсіздік нормалары сақталған жағдайда 4G және 5G технологияларының денсаулыққа зияны туралы нақты дәлелдер жоқ екенін көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz.

Ғылыми және медициналық ұйымдардың мамандары бұл технологиялардың адам ағзасына әсеріне арналған 255-тен астам ғылыми жарияланымды, оның ішінде мета-талдаулар мен жүйелі шолуларды талдады.

Талдауда: «Халықаралық электромагниттік қауіпсіздік нормалары сақталған кезде 5G технологиясының адам денсаулығына ұзақ мерзімді теріс әсері туралы нақты ғылыми дәлелдер алынған жоқ», — деп атап көрсетілген.

Зерттеушілер радио жиіліктегі сәулеленудің әсері әлі де зерттеліп жатқанын, кейбір мәселелер ғылыми пікірталас тудырып жатқанын айтады.

Қазақстанда электромагниттік өрістердің деңгейі санитарлық нормативтермен реттеледі. Халық үшін гигиеналық қауіпсіздік қоры бар рұқсат етілген көрсеткіштер белгіленген.

Денсаулық сақтау министрлігінің жарияланымында: «Белгіленген талаптар сақталған кезде ұялы байланыс мұнараларының және 4G/5G жабдықтарының болуы оларды халықтың денсаулығына қауіпті деп санауға негіз болмайды», — делінген.

Ғалымдар ықтимал қауіптер туралы ақпаратты әлеуметтік желілердегі тексерілмеген хабарламаларға емес, ғылыми және ресми көздерге сүйене отырып бағалауға шақырды.