Аномаль ыстықта Алматы маңындағы Бесағаш кентінде жүздеген үй суару суынсыз қалды. Миллиардтаған теңге жұмсалған жаңа жүйе мәселені шеше алмады, деп хабарлайды infohub.kz.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, судың үзілуі 30 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Ыстықта крандардағы су мезгіл-мезгіл жоғалады — адамдар баклажка сатып алып, тұрмыстық қажеттіліктері үшін қор жинауға мәжбүр.

«Жаз — біз үшін қорқынышты уақыт. Үнемі бір мәселе. Мен бұған дейін бір таз су жинап қойдым. Мынау тұр, күн жылытсын деп. Кешке осы сумен жуынамын», — деді Бесағаш тұрғыны Вячеслав Гончаров.

Барлығы Бесағаштың оңтүстік бөлігінде 800-ге жуық үй сусыз қалды. Тұрғындардың айтуынша, бәріне ескі резервуар себеп.

«Олар біздің жиналыстардан, сөз сөйлеулерімізден кейін ашамыз деп уәде берді (бұл бірінші рет емес). Мен прокуратураға хат жолдағаннан кейін, олар келіп: „Қосылыңдар, «Оңтүстік» жобасы жүзеге асты, резервуар жұмыс істейді“ деді. Шын мәнінде, бұл металл үйіндісі, онда ештеңе жұмыс істемейді», — деп налиды кент тұрғыны Айман Сабденова.

Жаңа резервуар Бесағашта бір жыл бұрын пайда болды. Құжаттар бойынша ол желтоқсан айында пайдалануға берілген және дәл осы резервуар көптен бері келе жатқан мәселені шешуі керек еді. Бүкіл су жүйесіне шамамен бес миллиард теңге жұмсалды. Дегенмен су әлі де жетіспейді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ескі резервуар жүктемеге төтеп бере алмайды. Тұрғындардан бөлек, одан суды егістіктерді суаруға, сондай-ақ мейрамханалар мен дүкендер де пайдаланады. Қазір жүйе тексерілді. Үй иелері өз учаскелерін жаңа желілерге қосуы керек.

«Қазір мәселе тұрғындардан болып тұр. Олардың әрқайсысының қоршауына абоненттік түтіктер тартылды. Енді әркім үйіне құбыр тартуы керек. Қазіргі проблема тек осында. Кеше кешке жаңа резервуардан ескі резервуарға су бердік, өйткені халық әлі толық жаңа суға ауысқан жоқ. Түні бойы суды өшірмедік. Қазір де барлығында су бар», — деді Бесағаш ауылдық округінің әкімі Ернар Жүнісов.

Билік өкілдерінің сендіруінше, барлық үй жаңа жүйеге қосылғаннан кейін судың үзілуі тоқтайды.