Қазақстандықтардың ұялы байланыс мұнаралары мен электромагниттік өрістерге қатысты алаңдаушылығы отандық мамандардың арнайы зерттеу жүргізуіне себеп болды. Қазақстанның бірқатар ғылыми және медициналық ұйымдарының сарапшылары 4G және 5G технологияларына қатысты қорқыныштардың қаншалықты негізді екенін тексеру үшін жүздеген жарияланымдар мен шолуларды зерделеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, сарапшылар мета-талдаулар мен жүйелі шолуларды қоса алғанда, 250-ден астам ғылыми жарияланымды зерттеген.

Нәтижесінде сарапшылар 5G технологияларының адам денсаулығына теріс әсері туралы нанымды дәлелдер таппады. Алайда бұл халықаралық электромагниттік қауіпсіздік нормалары сақталған жағдайда ғана.

Өз кезегінде Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда электромагниттік өрістердің деңгейі санитарлық-гигиеналық нормативтермен реттелетінін атап өтті. Бұл ретте олар жұмысшыларға кәсіби әсер ету нормативтерінен төмен белгіленеді және айтарлықтай гигиеналық қауіпсіздік қорын қарастырады.

«Белгіленген талаптар сақталған кезде ұялы байланыс мұнаралары мен 4G және 5G жабдықтарының болуы оларды халықтың денсаулығына қауіпті деп санауға негіз болмайды», – деп атап өтті комитетте.

Комитет азаматтарға әлеуметтік желілердегі хабарламаларға емес, ғылыми және ресми деректерге сүйенуді ұсынды.

Бұған дейін «Курсив» 2023–2025 жылдары республикада 2,6 мыңнан астам 5G базалық станциясы салынғанын жазған болатын. Нәтижесінде 5G құрылғыларының үлесі 50%-дан асты, ал жаңа буын желісіне еліміздегі барлық дата-трафиктің 30%-ы тиесілі.

Еске салайық, 5G – ұялы байланыстың бесінші буыны. Ол 4G байланысын алмастырады. Жаңа желі секундына 1–2 Гбит/с және одан жоғары жылдамдықтағы интернетті, сондай-ақ сигналдың төмен кідірісін қамтамасыз етеді.