Қазақстандық әлеуметтік желілерде 7Days мини-круассан брендіне қатысты ірі беделді жанжал туды. Ресейлік режиссер Илья Лучкиннің қорлау сипатындағы жазбалары халықтың наразылығын тудырып, өнімді бойкоттауға шақырулар тарады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Жанжалға себеп болған видео – режиссер Илья Лучкин 7Days жарнамасын түсіру барысында Қазақстанды «Борат» фильмінен білетінін айтқан. Кейінірек әлеуметтік желіде оның кешірім сұраған скриншоты тарады, бірақ ол кешірімді ирониялық түрде жасапты.
«Бұл менің Қазақстандағы алғашқы әрі соңғы жобам болды. Тұяқты көліктер қауымдастығы және барлық нәзік түсінетін пікір қалдырушылар алдында кешірім сұраймын, менікі дұрыс емес еді», – деп жазған ол.
Сыншылар мен ел тұрғындарын «тұяқты көлікке» теңеуі қазақстандықтардың шыдамын тауысты.
Осыдан кейін қазақстандық пайдаланушылар 7Days өнімдерін сатып алмауға шақыра бастады. Threads желісінде бренд круассандарын сатып алмауға үндейтін ондаған жазба пайда болды. Кейбір блогерлер дүкен сөрелерінде көрген жағдайда өнімді алып тастайтынын мәлімдеді.
Жергілікті мамандар мен маркетологтар бұл жағдайды топ-менеджменттің жүйелі түрдегі сәтсіздігі деп бағалап отыр. Компания жергілікті еңбек нарығын елемей, қазақстандық кәсіби мамандардың орнына сырттан мамандарды жалдауда деп айыпталуда. Сонымен бірге режиссерді жұмыстан шығару ғана емес, брендтің маркетинг бөлімінде де кадрлық ауыстырулар жасалуы керек деген талаптар айтылуда.
Жанжалды талқылауға белгілі қазақстандық медиа тұлғалар да қосылды. Танымал актер Санжар Мади Threads-тегі парақшасында қатаң пікір білдірді. Бұл пост 44 мың қаралым жинап, пікірлерде «отаршылдық төмендік кешені» жайлы пікірталастар туғызды. Пайдаланушылар Қазақстанда өзінің күшті продакшн нарығы қалыптасқанымен, ірі халықаралық брендтер әлі күнге дейін Ресейден күмәнді мамандарды әкелуді әдетке айналдырғанын жазуда.
Жанжал аясында 7Days ресми мәлімдеме жариялады. Компания ұлтшылдықты, кемсітуді және кез келген халық өкілдеріне құрметсіздікті қолдамайтынын атап өтті. Хабарламада режиссердің жазбалары оның жеке көзқарасы екені және бренд құндылықтарына еш қатысы жоқ екені баса айтылған. Осыған байланысты режиссермен ынтымақтастық дереу тоқтатылды.
Осыған қарамастан, мәлімдеменің астындағы пікірлерде көптеген пайдаланушы кешірімді жеткіліксіз деп санайтынын білдірді. Кейбіреулер бренд өнімдерін бойкоттауды жалғастырып, компанияның көбірек жауапкершілік танытуын талап етуде.
Бұған дейін Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) америкалық стример IShowSpeed (Даррен Уоткинс-кіші) қатысты нәсілдік қорлауларды айыптап, ресми тергеу бастағаны хабарланған болатын.


