Қазақстанда А және B санаттарындағы отбасылар енді республикалық бюджеттен бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны ала алмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Ол А-дан Е-ге дейінгі санаттар бойынша декреттік төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі екі негізгі жағдайды талдады: ана бала туғанға дейін жұмыс істеген және жұмыс істемеген.

Егер әйел, айталық, екі жыл жұмыс істесе, декреттік демалысқа шыққаннан кейін ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы мен төлемдер алады. Бұл төлемдер бұрынғыша бала бір жарым жасқа толғанға дейін жалғасады. Мұнда отбасы санаты ескерілмейді.

Алайда А және B санаттарындағы отбасыларға жаңа туған нәрестеге біржолғы жәрдемақы тағайындалмайды. C, D және E санаттарындағы отбасыларға бұл жәрдемақы республикалық бюджеттен де, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да тағайындалып, төленеді.

Осылайша, егер ана жұмыс істеген болса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан баланы бір жарым жасқа дейін күту бойынша төлем санатқа қарамастан бұрынғыша тағайындалады. Ал бала туғандағы республикалық бюджеттен берілетін біржолғы жәрдемақы C, D және E санаттарына тағайындалады, А және B санаттарына тағайындалмайды.

Егер әйел бала туғанға дейін жұмыс істемесе, А және B санаттарындағы отбасылар республикалық бюджеттен төлем алмайды. Ал жұмыс істемейтін ана C, D немесе E санаттарына жатса, оған республикалық бюджеттен жәрдемақы төленеді.

Сонымен қатар, егер ана декрет кезінде жұмысқа шығуды шешсе, оған төлемдер сақталады — ол бала бір жарым жасқа толғанға дейін ала береді. Мерзімінен бұрын жұмысқа шығу төлемнің өзін тоқтатпайды.

Министр ерлерге арналған декреттік төлемдерге жеке тоқталды. Қабылданған заң бойынша декреттік төлемдерді тек аналар алады. Жәрдемақы енді «ана болу бойынша» деп аталады және ана мен балаға — денсаулығын қалпына келтіруге, ананы қолдауға және т.б. бағытталған. Ер адам декреттік демалысқа шығып, баласына күтім жасай алады, бірақ жәрдемақы ала алмайды, деп қосты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі.