Бүгін Семей қаласында «EcoForest» толық циклді экологиялық ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркінің іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Xinjiang Chunzheng Aosi Trading Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжан Ликай қатысты.

Облыс әкімі құттықтау сөзінде бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әрі инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашатынын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инвестиция тартуды экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде үнемі айтып келеді. Абай облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасауға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі жоба – халықаралық серіктестіктің нақты нәтижесі. Былтыр Қытайда өткен «Үлкен Алтай» конференциясында басталған келіссөздердің арқасында бұл бастама жүзеге асып отыр. Жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, қажетті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп, жер учаскелері берілді. Бұл өңірдің өнеркәсіптік және экологиялық дамуына елеулі үлес қосып, заманауи технологиялар енгізуге, ағаш шикізатын қалдықсыз пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.

Жоба өрттен зардап шеккен және санитарлық кесуге жататын ағашты тиімді өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға, өндіріс қалдықтарын қайта пайдалануға бағытталған. Жалпы инвестиция көлемі 67 миллион АҚШ доллары. Семейде 50 гектар аумақта толық циклді индустриялық-экологиялық ағаш өңдеу паркі, ал Бородулиха ауданындағы Михайловка ауылында 4 гектар жерде ағашты бастапқы өңдеу кешені салынады.
Семейдегі кешенде жылына 2 миллион текше метрге дейін ағаш шикізаты өңделіп, 800–900 мың текше метр дайын өнім шығарылады. Кешен құрамына жылына 250–300 мың текше метр қуаттылықтағы Е0, Е1 және ЕНФ класты тақталар зауыты, дәл сондай қуаттылықтағы ОСБ және ФОСБ тақталары зауыты, жылына 100 мың текше метрге дейін дайын өнім шығаратын жиһаз модулі, термиялық модификацияланған және антисептикалық өңделген ағаш өндірісі, еуропаллеттер, ағаш пеллеттері мен биоотын зауыты, органикалық тыңайтқыштар зауыты, құрылыс-логистикалық орталық және инженерлік инфрақұрылым кіреді. Бородулихадағы кешенде жылына 500 мың текше метрге дейін ағаш өңделіп, 120–150 мың тонна пеллет өндіріледі. Бұл алаңда шикізатты қабылдау, сұрыптау, қабығын аршу, аралау, кептіру, ұсақтау және терең өңдеуге дайындау жүргізіліп, дайындалған ағаш Семейге жіберіледі.
Жоба аясында заманауи автоматтандырылған өндіріс іске қосылып, ағаш шикізаты қалдықсыз технологиямен терең өңделеді. Кәсіпорындарда ОСБ және ФОСБ панельдері, МДФ, ағаш-жаңқалы тақталар, фанера, шпон, инженерлік панельдер, жиһаз дайындамалары, ағаш пеллеттері, биоотын және органикалық тыңайтқыштар өндіріледі. Толық қуатына шыққанда 900-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, өнім Қазақстан нарығымен қатар Орталық Азия, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа халықаралық нарықтарға экспортталады.


