Жарма аудандық сотында жергілікті тұрғынның өз танысының интим фотосын таратқаны туралы іс қаралды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам бұрынғы танысының ұялы телефонын тауып алған. Оны заңды иесіне қайтармай, телефонға кіріп, 67 фотосуретті өз телефонына көшіріп алған. Бұл суреттерде жәбірленуші жалаңаш немесе ішкиіммен түскен. Сондай-ақ, ол жәбірленушінің жеке хат-хабарларымен танысқан.

«Ол қызғаныштан жәбірленушінің екі танысына оның келісімінсіз аталған фотосуреттерді жіберіп, жеке өмірінің құпиясын құрайтын мәліметтерді таратқан», — делінген сот хабарламасында.

Сотта ол кінәсін толық мойындап, істегеніне өкінген. Сонымен қатар, тараптар татуласып, жәбірленуші ер адамды кешіргенін және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрағанын мәлімдеген.

Ер адам кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.