Абай облысының Мақаншы ауданында прокуратура аудандық акиматтың кәсіпкерлер қызметіне заңсыз араласуын тоқтатты: нарық иелері сауда нысандары үшін жер учаскелерін тегін беруге міндеттелген еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қадағалау органы анықтағандай, аудандық акиматтың «Мақаншы ауданының аумағында тұрақты емес сауда нысандарын орналастыру орындарын айқындау және бекіту туралы» қаулысы нарық иелеріне сауда нысандарын орналастыру үшін жерді тегін беру міндетін негізсіз жүктеген.

«Аталған талаптар кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде қосымша негізсіз міндеттемелер туғызды», — делінген прокуратура хабарламасында.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша акиматтың заңсыз қаулысы жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.

Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласқаны үшін нормативтік құқықтық актіні әзірлеуші болған кәсіпкерлік бөлімінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабының 1-бөлігі бойынша жазаланды.