Абай облысында үш жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасына сәйкес елімізде 124 вокзалды жаңарту басталды, оның ішінде Абай облысында 10 вокзал бар. Бүгін Жарма ауданындағы Үшбиік, Жарма және Шар станцияларында жаңартылған вокзалдар ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Жаңғырту жұмыстары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің, көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ және Абай облысы әкімдігінің қолдауымен жүргізілді.

Өңір басшысы жаңартылған вокзалдардың тұрғындар үшін маңыздылығын атап өтті. «Темір жол – еліміздің елді мекендерін байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік жүйелерінің бірі. Сондықтан оның инфрақұрылымын жаңарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау – уақыт талабынан туындап отырған маңызды міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлуде. Вокзалдарды заманауи талаптарға сай жаңарту тұрғындардың сұранысына жауап беретін маңызды шешім болды деп есептейміз. Осы орайда облыс тұрғындары атынан осы маңызды жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқан барлық азаматтар мен мамандарға шынайы алғысымды білдіремін. Бүгін маңызды көлік жолдарының тоғысқан жерінде орналасқан Жарма ауданында бірден үш жаңа вокзал ашып отырмыз. Олар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, Жарма ауданының одан әрі дамуына ықпал етсін! Баршаңызды осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Берік Уәли.

Үш станция да өңірдің көлік жүйесінде ерекше орын алады. Олар арқылы Семей – Астана, Новосибирск – Алматы, Павлодар – Алматы, Семей – Қызылорда және Өскемен – Алматы бағыттары бойынша жолаушылар пойыздары жүреді.

Шар қаласындағы теміржол вокзалы 1982 жылы салынған. Жаңғырту барысында ғимараттың жалпы ауданы 413 шаршы метрден 654 шаршы метрге ұлғайды. Бір қабатты нысан екі қабатты болды, ішкі бөлмелер толығымен жаңартылды. Лифт орнатылып, күту және жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары қажетті жабдықтармен жарақтандырылды. Сонымен қатар, вокзалда бұрын болмаған ұзындығы 716 метр аралдық платформа салынды.

Үшбиік станциясындағы теміржол вокзалы 1995 жылы салынған. Нысанға соңғы күрделі жөндеу 2012 жылы жүргізілген. Жаңғырту нәтижесінде ғимараттың жалпы ауданы 83,7 шаршы метрден 201,1 шаршы метрге дейін ұлғайды. Ішкі бөлмелер жаңартылып, күту және жолаушыларға қызмет көрсету бөлмелері қажетті жабдықтармен жарақтандырылды.

Жарма станциясындағы вокзал ғимараты 1996 жылы салынған. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша ескі ғимарат толығымен бұзылып, орнына жаңа вокзал салынды. Нысанның жалпы ауданы 217 шаршы метрден 347,7 шаршы метрге ұлғайды. Ішкі бөлмелер қайта жабдықталып, күту және жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Сондай-ақ, 650 метр перрон жаңартылды.

Үш вокзалда да жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді орта құруға ерекше көңіл бөлінді.