Абай облысының тұрғыны әлеуметтік желілерде бұрынғы жұмыс берушісі және оның жақындары туралы жазғандары үшін бес жылға блогерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Өңірдегі ДУИС баспасөз қызметінің мәліметінше, 42 жастағы әйел бұрынғы жұмыс берушісі мен оның туыстарына қатысты жалған ақпарат таратқаны және қорқытқаны үшін сотталды. Сот оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті, сондай-ақ бес жыл мерзімге блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салды.
Әйел жеке ұйымдардың бірінде жұмыс істеген. Өз еркімен жұмыстан шыққаннан кейін ол нақты жұмыс істеген барлық кезең үшін жалақысын алды. Оған қарамастан, ол ақша төленбегенін мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерді белсенді қолданушы бола отырып, ол өз парақшасында бұрынғы басшысы мен оның жақындары туралы жазбалар жариялай бастады. Оларда жалған ақпарат болды, жеке қасиеттері келекеленді және бұрынғы жұмыс берушінің жақындарының қадір-қасиетін қорлайтын жеке сипаттағы мәліметтер жарияланды.
Сонымен қатар, ол бұрынғы жұмыс берушісі мен оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін басқа да мәліметтерді таратамын деп қорқытты. Сонымен бірге әйел үндемегені үшін ақша төлеуді талап етті.
Сотталған әйелдің екі кәмелетке толмаған баласы (11 және 10 жаста) болуын ескере отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу бір жылға кейінге шегерілді.
Әйел Абай облысының пробация қызметінің есебіне қойылды. Онымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ оған сот талаптары мен оларды бұзудың салдары түсіндірілді. Жазаны өтеуден жалтарған жағдайда кейінге шегеру жойылуы мүмкін, ал тағайындалған жаза орындалуға жіберіледі.
«Жазамды алып, қате істегенімді түсіндім. Балаларымның алдында ұялдым. Енді жазбаларымның кесірінен олардан ұзақ уақытқа айырылып қалуым мүмкін екенін түсінемін. Кейінге шегеру уақытында бостандықтан айырылмау және әрқашан балаларым мен жақындарымның қасында болу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Қатемді түсіндім және мұндай әрекеттердің ауыр салдары болуы мүмкін екенін ұғамын», — деді сотталған әйел.


