Абай облысының Жарма ауданында заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырды деп күдіктелген адамдар тобының әрекеті тоқтатылды. Жедел іс-шараларды прокуратура үйлестіруімен Абай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жүргізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз жұмыстар Жаңғызтөбе кентінен 10 км жерде тиісті рұқсатсыз жүргізілген. Алтын бар кенді ашық әдіспен өндіріп, арнайы жабдықпен шайған — бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми Telegram-арнасында айтылған.
Учаскені тексеру кезінде тереңдігі 15 метр карьер табылды. Ведомство мәліметінше, заңсыз өндірілген тау массасының көлемі 12 мың текше метрден асқан, ал бүлінген құнарлы топырақ қабатының ауданы 4 мың шаршы метрден астам болған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қатысы бар тоғыз адам анықталды.
Заңсыз өндіру орнынан кенді шайып ұсақтайтын жабдық, құрамында алтыны бар жеті қап, екі металл іздегіш, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді.
Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.


