Абай облысында мердігер ұйымнан аудандық маңыздағы автомобиль жолын жөндеу мерзімін бұзғаны үшін 12 млн теңгеден астам айыппұл өндіріліп алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Абай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Аягөз аудандық соты Аягөз ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің айыппұл өндіру туралы азаматтық ісін қарады.

Мемлекеттік мекеме мен мердігер ұйым арасында Ақтоғай — Перешеек аудандық маңыздағы автомобиль жолын ағымдағы шұңқыр жөндеуден өткізу жұмыстарын орындауға шарт жасалған.

Мердігер жұмысты 2025 жылғы 30 қазанға дейін аяқтауға міндеттенген. Шарттың жалпы сомасы 369,5 млн теңгеге жуық болды. Орындалған жұмыс көлемі үшін барлығы 50 млн теңге аударылған.

Сот анықтағандай, мердігер жұмысты аяқтамаған және оны қабылдау актісі бойынша тапсырыс берушіге тапсырмаған, осылайша шарт талаптарын бұзған. Мемлекеттік мекеме сотқа 2025 жылғы 31 қазаннан 8 желтоқсанға дейінгі мерзімде орындалмаған міндеттемелер мөлшері мен шарт талаптарына сәйкес есептелген 12 млн теңгеден сәл астам айыппұлды өндіру талабымен жүгінген.

Жауапкердің пікірінше, міндеттемелерді орындау мерзімі мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған қосымша келісіммен ұзартылған. Сот мердігер ұйым сілтеме жасаған құжат тараптар қол қоймаған, тек мемлекеттік сатып алу веб-порталында жасалғанын атап өтті. Демек, мұндай құжат қолданыстағы шарттың талаптарын, оның ішінде міндеттемелерді орындау мерзімдерін өзгерте алмайды.

Аягөз аудандық сотының шешімімен талап-арыз толық қанағаттандырылды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен 12 млн теңгеден астам айыппұл және мемлекет кірісіне мемлекеттік баж өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.