Абай облысындағы «Семей орманы» резерваты аумағында ірі табиғи өрт әлі де жалғасуда. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша аймаққа төтенше жағдайлар министрі мен экология министрі ұшып барды, деп хабарлайды infohub.kz.
Өрт «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалында шықты. Оны сөндіруге ТЖМ бөлімшелері, орман шаруашылығы қызметкерлері, полиция, сондай-ақ ТЖМ, Қорғаныс министрлігі және ҰҚК авиациясы жұмылдырылды. Өрттің таралу қаупіне байланысты құтқарушылар полиция және әкімдікпен бірлесіп, «Дос-болLike» балалар лагеріне алдын ала эвакуация жасады. Семей қаласына 220 адам, оның ішінде 190 бала және 30 қызметкер шығарылды. Соңғы деректер бойынша, Камышенка ауылына төнген қауіп сейілді.
Алдын ала бағалау бойынша, өрт шамамен 60 гектар орманды шалған. Оны сөндіруге 600-ге жуық адам, 148 жерүсті техникасы және жеті тікұшақ жұмылдырылған. Авиация 81 рет су шашып, жалпы көлемі 89 тонна су төгілді. Күштерді күшейту мақсатында өрт аймағына Абай облысынан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан, сондай-ақ Астанадан қосымша ТЖМ бөлімшелері келді. Операцияға «Ертіс Орманы» кәсіпорны мен ТЖМ әскери бөлімі де қосылды.
Полиция қауіпті аймаққа кіре берістерді жауып, арнайы техниканың өтуін қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындардың мүлкін күзетуде. ТЖМ жедел штабы барлық қызметтердің жұмысын үйлестіруде. Министрліктің хабарлауынша, мамандар жерден және әуеден өртті оқшаулау жұмыстарын жалғастыруда.

