Абай облысының Жарма аудандық сотында алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше адам болып бөтен мүлікті ұрлауға әрекет жасады деп айыпталған екі адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот оларды қылмыстық жауапкершіліктен босатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Абай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, іс материалдары бойынша фигуранттар ұйымға тиесілі 3700 литр дизель отынын заңсыз иемденуге әрекет жасаған. Алайда олардың әрекетін күзет қызметінің қызметкерлері тоқтатқандықтан, қылмыстық ойларын аяғына дейін жеткізе алмаған.
Сотталушылардың әрекеті өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап етуге әрекет жасау деп сараланды. Басты сот талқылауы барысында жәбірленуші тарап пен ер адамдар татуласқандықтарын мәлімдеп, келтірілген залал толық өтелгенін көрсетті және медиация тәртібімен қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.
Сот іс материалдарын зерттей келе, кінәні мойындауды, келтірілген залалдың толық өтелуін, жәбірленуші тараппен татуласуды және медиативтік келісім жасалғанын ескерді.
Осы мән-жайларды назарға ала отырып, сот ҚР ҚК 68-бабының 1-бөлігін қолдану үшін заңда көзделген негіздер бар деген қорытындыға келді.
Сот қаулысымен сотталушыларға қатысты қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылып, олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Сондай-ақ сот іс бойынша заттай дәлелдемелерге қатысты тиісті шешім қабылдады.
Бұдан бөлек, жәбірленуші тараптың азаматтық талабы тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.


