Қазақстанда ерекше статистика жарияланды: ұлы ақын Абайдың есімін 19 мыңға жуық адам иеленген, оның ішінде әйелдер де бар. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 18 961 қазақстандық Абай атымен аталған. Бұл есімнің иелері ең көп Астанада — 2 186 адам, Түркістан облысында — 2 008 адам, Алматыда — 1 740 адам тіркелген.
Абай есімді ең жасы үлкен қазақстандық 1932 жылы дүниеге келген. Ең көп таралған жас тобы — 30-34 жас, олардың саны 3 267 адамды құрайды.
Ведомствоның мәліметінше, Абай есімі бүгінгі күні де танымалдығын жоғалтпаған. Тек биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл есім 91 нәрестеге қойылған. Дәстүрлі түрде ерлер есімі саналғанымен, Қазақстанда Абай есімді 9 әйел тіркелген.
Сонымен қатар, елімізде Ибраһим есімді 37 844 адам тұрады, оның ішінде Ибрагим және Ибрахим деген жазылу нұсқалары да бар.
Ақынның есімі ел картасында да кеңінен көрініс тапқан. Абай құрметіне бір облыс, бір қала, үш аудан және 26 ауыл аталған.
Бұған дейін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ақынның туған күні — 10 тамызда атап өтілетін Абай күнімен құттықтауын жариялаған болатын.


