Абай облысындағы «Семей орманы» резерватының аумағында ірі орман өрті болып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі және Экология министрі шұғыл түрде аймаққа аттанды, деп хабарлайды infohub.kz.

Өрт «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалында шыққан. Өртті сөндіруге ТЖМ бөлімшелері, орман шаруашылығы қызметкерлері, полиция, сондай-ақ ТЖМ, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациясы жұмылдырылды.

Өрттің таралу қаупіне байланысты құтқарушылар полиция және әкімдікпен бірлесіп «Дос-болLike» балалар лагерінен алдын ала эвакуация жүргізді. Барлығы Семейге 220 адам, оның ішінде 190 бала және 30 лагерь қызметкері жеткізілді. Соңғы деректер бойынша, Камышенка ауылына төнген қауіп жойылды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, өрт шамамен 60 гектар орманды алып жатыр. Өртпен күреске 600-ге жуық адам, 148 бірлік жер үсті техникасы және жеті тікұшақ жұмылдырылды. Авиация 89 тонна суды 81 рет төгіп үлгерді. Топты күшейту үшін аймаққа Абай облысынан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан, сондай-ақ Астанадан қосымша ТЖМ бөлімшелері келді. Операцияға «Ертіс Орманы» күштері мен ТЖМ әскери бөлімі де қосылды.

Полиция қауіпті аймаққа кіретін жолдарды жауып, арнайы техниканың өтуін қамтамасыз етіп, тұрғындардың мүлкін күзетуде. ТЖМ жедел штабы барлық қызметтердің жұмысын үйлестіріп отыр. Қазіргі уақытта мамандар өртті жерден және әуеден оқшаулау жұмыстарын жалғастыруда.