Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 апта бұрын)
Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым
«Ажал жетсе, өлдiң бе,
Өлiм келдi, көрдiң бе?
Баянсызға салынба»‚ –
Десе, тоқтау бердiң бе?

Жетпестi қудың, жеттiң бе,
Барша жаннан өттiң бе?
Тағдырың жазған ақ өлiм,
Құтылып онан кеттiң бе?

Қарманып едiң, таптың ба,
Қарындасқа жақтың ба?
Қарсыласқан жауыңды,
Қанеки, жерге қақтың ба?

Бiлдiм дедiң, не бiлдiң,
Басыңа пайда не қылдың?
Бәрi де болды баянсыз,
Өзiңнен-өзiң жеңiлдiң.

Өлместей оны көрушi ең,
Соған да қарсы келушi ең.
Аяған сонан жаныңды
Кiмге сақтап берушi ең?!

Өзiң кiмнен кем едiң,
Кiм үшiн уайым жеп едiң?
Күдерiңдi үздiң бе‚
Сүйенiшiм мықты деп едiң?

Қанеки, қайтып келдi ме,
Жаныңа жәрдем бердi ме?
Жалаңдаған жалмауыз,
Жан-жағыңнан көрдi ме?

Тиянақ көрме жалғанды,
Қуа берме арманды.
Пайғамбар мен сахаба,
Сен түгiл содан қалған-ды.

Құтырмай ендi тек отыр,
Күнәңа уайым жеп отыр.
Алдыңда кiрер үйiң бар,
«А, тоба, оңда»,– деп отыр.

Есiң барда елiң тап,
Барғанда кiрер жерiң тап.
Жаратқанның құлысың,
Жағатұғын ебiң тап.

Ел мiнезiн бiлдiң ғой,
Талай-ақ бiрге жүрдiң ғой.
Итпен бiрге ит болып,
Күнәсына кiрдiң ғой.

Ендi есiңдi жисаңшы,
Манар тауға сыйсаңшы.
Аласұрып аптықпай,
Бұл жалғанды қисаңшы.

Немененi қимайсың,
Нәпсiнi неге тыймайсың?
Өзiңдi кiмге сыйлатып,
Өзiң кiмдi сыйлайсың?

Жан аяспас кiсiң жоқ,
Арманда қалар iсiң жоқ.
Ендi жүрер жалғанда,
Қарасам, сенде пiшiн жоқ.

Жалғанды талақ қылыпсың,
Бас-аяғын бiлiпсiң.
Есi шыққан кiсiдей,
Құр сандалып жүрiпсiң.

Жалындамай сөне қал,
Алла iсiне көне қал.
Бәрiнiң дәмiн таттың ғой,
У iшкендей өле қал!

Тамам жанды билемек,
Жалғыз өзiң сөйлемек...
Мұның түбi не болар,
Yмiтiң болды не демек?

Досты мықты қылмақсың,
Дұспаныңды қырмақсың.
Аяғында сен де бiр
Кiшiрек құдай болмақсың.

Жуанның ойы осы ғой,
Бұл мiнезден шошы, қой.
Шыға алмассың ырғалып,
Ол қайраттың босы ғой.

Шын досың саған не бердi,
Соңыңнан сенiң неге ердi?
«Арам да болсам‚ ақтасын,
Күнәма керек»‚ – деп ердi.

Еш нәрсеңдi алмайды,
Жұмысы келсе, жалдайды.
Күй, отқа түс, суға түс,
Арам да болсаң‚ қалмайды.

Шын жолдасың осы ма,
Осылар жанның досы ма?
Ақ iсiңе адам жақ,
Адамнан тiптi шошыма!

Туысқан мен жақының –
Оларға толса тақымың,
«Тату жүр» деп зарлаған
Алынып па едi ақылың?

Адалдық айтып жеңдi ме,
Немесе сөзге көндi ме?
Неше жылдай ұққан жоқ,
Ақылы жаңа ендi ме?

Болмасқа бұлай қара тер,
Алдыңғы жақты қамдай бер.
Жақыныңнан жау жақсы,
Ең жақының – қара жер.

Дұспаның анау, ел мынау,
Ойласаңшы, япыр-ау.
Адам болып туып ең,
Ақылың қайда, батыр-ay?

Құры бiлген не керек,
Бiлгендi қылған, со керек.
Баянсыздың бәрiн қой,
Боласың сонда шын зерек.

Жаныңа қызық жалғанда,
Неменең қалды арманда.
Бұл жалғаннан не серiк,
Тәңiрi алдына барғанда.

Лапылдадың, жандың ғой,
Тiлегiңдi алдың ғой.
Су екен деп у iшiп,
Жаның жай боп қандың ғой.

Iздегенiң мақтан ғой,
Далақтап күнде шапқан ғой.
Не күн туды басыңа,
Тегiнде, жын қаққан ғой.

Жын қақпаса‚ мұның не,
Шынымен қор болдым де.
Есiңдi жи, ерте ойлан,
Қаза келдi – өлдiм де.

Бiр өлген соң жау да жоқ,
Алдыңа келер дау да жоқ.
Бұл жалғаннан кеткен соң,
Партия сатқан сауда жоқ.

Қалғандар жүрсiн қағынып,
Қайтесiң оны сағынып.
Тепкiлесiн молаңды,
Жатырсың деп не қылып?

Онда да саған мін емес,
Ол мұсылман діні емес.
«Мұсылманбыз» дегені –
Бұл қазақтың шыны емес.

Хақ мұсылман кім болар –
Айтса сөзі шын болар.
Рахым, ұят, ар, ынсап –
Төртеуі болса, дін болар.

Төртеуінің бірі жоқ,
Бойында иман нұры жоқ.
Құры айтқанмен бола ма,
Мұсылмандық түрі жоқ.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама