Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованы қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша сот процесі басталды. Сотталушылар қатарында — марқұмның бұрынғы жігіті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

КТК телеарнасының дерегінше, қылмыс 13 шілдеде Бородулиха ауылында жасалған. Қыздың пышақ жарақатымен қаза тапқан денесін жол бойынан жергілікті тұрғын тауып алған. Тергеу нұсқасы бойынша, марқұм мен оның бұрынғы жігіті арасында жанжал болған. Айыптау тарапы оның қызды артқы қалтасында алып жүрген қалта пышағымен сойып тастағанын алға тартып отыр.

«Біз бұл бапты әділетсіз деп санаймыз. Өкінішке қарай, біздің жалғыз баламызға қатысты ерекше қатыгездік болмаған деп есептелді. Адам қан суытпай пышақ жарақатын салды, бас миына ауыр жарақат келтірді, жол ортасына тастап, үйіне барып ұйықтады. Тергеу органдары оны жылы төсектен тапты», — деді марқұмның анасы Динара Атаева.

Сот барысында прокурор 10 минут бойы жарақаттардың егжей-тегжейін оқып шықты. Оның сөзінен шығатыны, алғашқы шапалақты жігітке Дильназдың өзі салған. Ол да солай жауап қайтарып, содан кейін пышаққа жүгінген. Алғашқы соққы мойынға тиген.

«Қыз айқайлап, көмекке шақырады деп қорыққан сотталушы оның басына екі рет соққы жасады. Бәлкім, пышақтың сабымен. Ал Дильназ жерге құлағанда, пышақпен соғуды жалғастырды. Содан кейін мәйіттен құтылмақ болып, оны ұзақ сүйреді. Сосын шаршап, жол ортасына тастап кетті», — делінген сюжетте.

Прокурор Евгений Краузе 1-ден 16-ға дейінгі жарақаттар кемінде 12 рет өткір-кесетін қасиеті бар қатты заттармен жасалған соққыдан пайда болғанын мәлімдеді. Ер адам «Кісі өлтіру» бабы бойынша сотталуда.

Сотталушы тарапы мен прокурор залда баспасөздің болуын шектеуді талап етті, себебі қандай да бір интимдік мәліметтер айтылуы мүмкін деп қорыққан. Алайда марқұмның туыстары бұған келіспей, БАҚ-тың барлық сот отырыстарына қатысуына рұқсат беруді сұрады. Нәтижесінде тек прокурордың сөзін жазуға рұқсат етілді, ал келесі жолы үкім жарияланғанда ғана қатысуға болады.

Бұған дейін біз марқұмның отбасы бапты «Ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіруге» өзгертуді сұрағанын жазғанбыз. Полиция отбасы жақын арада тергеу нәтижелерімен танысатынын уәде еткен.