VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы өз парақшасында қуанышты жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz порталы.

Нартай Аралбайұлы зейнетақы жүйесіндегі маңызды өзгеріс туралы мәлімдеді. Енді қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаражаттың 100 пайызын инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сеніп тапсыра алады.

«Халық зейнетақы қорындағы қаражаттың 100 пайызын өз бетінше басқара бастады! Қазір жалақыдан ай сайынғы 10% зейнетақы аударымдарын Ұлттық банк басқарады. Олар ақшаны мемлекеттік жобаларға, Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына салады, яғни инвестициялайды. Одан түскен табыс төмен. Ал басқарушы компаниялар бәсекелес ортада сіздің қаражатыңызды әлдеқайда кірісті бағыттарға салып, оны арттыра алады. Бұл норманы мен әріптесім Асхат Қанатұлымен бірге ұсындық.

Енді сіз өзіңіздің зейнетақы жинақтарыңыздың 100 пайызын кімге сеніп тапсыруды өзіңіз шешесіз. Ол үшін өтініш жазып, қаражатыңызды басқаратын және инвестициялайтын ұйымды таңдау керек. Соған сәйкес табыс та артады.

Ең бастысы: бұл міндетті емес, сіз қаражатты басқарушы компанияға тек қалауыңыз бойынша тапсырасыз. Тіпті жинақтарыңызды бірнеше бөлікке бөлуге де болады.

Ең басты сұрақ: ақшамды жоғалтып аламын ба? Қаражатым күйіп кетпей ме? Заң бойынша, басқарушы компаниялар сіз аударған негізгі соманың толық сақталуына кепілдік береді. Басқарушы компаниялардың бұл жұмысы мен қызметін Ұлттық банк пен мемлекет қатаң бақылайды!» — деп жазды Нартай Аралбайұлы.