Қазақстанда неке тіркеу мерзімін ұзарту қажеттігі туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таралуда. Әділет министрлігі азаматтарды алаяқтық схема туралы ескертеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы «неке тіркеу мерзімін ұзарту» талабы бар хабарламалар таратылуда. Министрлік бұл ақпараттың алаяқтық сипатын атап өтті.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли түсіндіргендей, неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның қолданылу мерзімі болмайды, сондықтан оны ұзарту қажет емес. Некені тоқтату тек ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің арызы бойынша ажырасу арқылы, сондай-ақ заңда көзделген өзге жағдайларда жүзеге асырылады.
Ажырасу тіркеуші орган арқылы немесе сот тәртібімен жүргізіледі. Тіркеуші орган арқылы ажырасқан кезде неке мемлекеттік тіркеу күнінен бастап, ал сот тәртібімен ажырасқанда сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
Осыған байланысты Әділет министрлігі азаматтарды мұндай хабарламаларға сенбеуге, сілтемелер бойынша өтпеуге және жеке деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады. Шынайы ақпарат алу үшін тек ресми көздерге жүгіну ұсынылады.


