Грекия астанасы Афинаның тарихи орталығындағы Плака ауданында ғимарат жарылыстан қирап, кемінде бір адам қаза тапты, тағы бесеуі із-түзсіз жоғалды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Жарылыс Акрополь сияқты туристік нысандарға жақын жердегі Плака тұрғын ауданында болған. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, қираған ғимаратта демалысқа жалға берілетін пәтерлер орналасқан.

Оқиғаға қатысы барлар қатарында төрт американдық турист, бір Ұлыбритания азаматы және бір Грекия азаматы бар деліеді. Алайда ресми органдар мұны әзірге растаған жоқ.

Оқиға орнынан тараған суреттерде құтқару қызметкерлерінің қирандылар арасынан іздеу жүргізіп жатқаны көрінеді. Жарылыстың себебі ретінде газдың ағуы болжанып отыр.

Сенбі күні таңертең әйел адамның денесі табылды, іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Reuters ақпарат агенттігі жергілікті полицияға сілтеме жасап хабарлағандай, туристер Афина әуежайына ұшаққа келмеген кезде олардың жоғалып кеткені расталды.

Үш қабатты ғимарат жарылыстың күшінен толығымен құлап, көршілес ғимараттар зақымданып, жол бойына қиранды шашырады.

Аман қалғандарды іздеу үшін оқиға орнында экскаваторлар мен жылу бейнелеу камералары пайдаланылды. Жарылыс Афинаның ең көп баратын екі нысаны — Акрополь мен Зевс Олимпий храмы арасындағы шағын көшеде болған.

BBC News Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігіне хабарласқан.