Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау схемасы анықталды. Мемлекетке келтірілген залал 50 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті субсидияларды заңсыз алу фактісі бойынша тергеу жүргізуде. Тергеу деректеріне сәйкес, «Медина» өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды ауданының ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара малдың саны туралы жалған мәліметтер енгізу арқылы схема ұйымдастырған.
Атап айтқанда, 57 асыл тұқымды бұқаның болуы туралы жалған деректер негізінде бюджеттен 9 миллион теңге аударылған. Кейін сол құжаттар бойынша іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 миллион теңге бөлінген.
Сонымен қатар, төрт өтінімде аналық мал басының саны 3 мың басқа арттырылып көрсетілген, бұл қосымша 27 миллион теңге субсидияны негізсіз алуға әкелген.
Өндірістік кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда.


