Қаржы мониторингі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті 1954 жылы 18 наурызда дүниеге келген, Қазақстан Республикасының азаматы, Грузия Республикасының Гудаута қаласында туған, «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы президенті Григорий Отарович Лорияны мемлекетаралық іздеуге жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол бюджет қаражатын жымқыруға және жалпы сомасы 414 млн теңгеден астам салық төлеуден жалтаруға күдікті.
2023 жылы футбол клуб қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті бас бухгалтер және басқа да адамдармен сөз байласып, жалған қаржы құжаттарын пайдаланған, ақша қаражатын жеке шоттарға негізсіз аударуды ұйымдастырған, сондай-ақ бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтерді енгізуді қамтамасыз еткен.
Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы қоры және ұйымның жиынтық жылдық табысы төмендетіліп көрсетілген.
Егер іздеуде жүрген адамның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, Қаржы мониторингі агенттігіне мына телефон арқылы хабарласуыңызды сұраймыз: +7 7172 70 84 78 — кезекші бөлім.


