Дакарда (Сенегал) өткен жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық қылышшы Айбар Қайым күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстандық спортшы қылышпен семсерлесу сайысының финалына шықты. Онда оның қарсыласы Түркия өкілі Беррак Джандениз болды. Шешуші белдесуде түрік семсершісі 15:6 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Қайым турнирдегі өнерін күміс медальмен аяқтады.
Бұл жүлде Қазақстан құрамасы үшін жасөспірімдер Олимпиадасындағы сегізінші медаль болды. Бұған дейін дзюдошы Фатима Супыгалиева (52 келіге дейін) мен велоспортшы Анель Ташбай алтын медаль жеңіп алған еді.
Сондай-ақ боксшылар Бибарыс Аширбай (70 келіге дейін) мен Ақнұр Тұрсынғали (57 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Тағы үш қола медальді Қазақстанға боксшы Марал Төлепберген (54 келіге дейін), таеквондошы Любовь Юн (63 келіден жоғары) және триатлоншы Рамазан Айнегов әкелді.
Осылайша, қазақстандық команданың қоржынында екі алтын, үш күміс және үш қола медаль бар.


