Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде Қазақстанның жүзу құрамасы жүлдесіз қалды. Финалға жолдама алған жалғыз отандық спортшы — Айбат Мырзамұратов, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ол 200 метрге кешенді жүзуден сынға түсті. Шешуші жүзуде қазақстандық 2:00,37 уақытын көрсетіп, жетінші болып мәреге жетті.

Алтын медальді жапондық Томоюки Мацусита 1:55,30 уақытымен жеңіп алды. Оның отандасы Юмэки Кодзима небәрі 0,06 секундқа қалып, 1:55,36 нәтижесімен екінші орынға тұрақтады. Қола медаль қытайлық жүзгіш Ван Шуньге бұйырды – 1:57,14.

Қазақстанның қалған өкілдері іріктеу кезеңінде-ақ күресті тоқтатты. 100 метрге еркін жүзуде Максим Клименко 13-нәтиже көрсетсе, Адильбек Мусин 16-орынға тұрақтады. Александр Румынский 100 метрге шалқалай жүзудің іріктеуінде 17-болып, финалға шыға алмады.

Еске салайық, Жапониядағы XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыстарда 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады: 217-сі – ерлер арасында, 204-і – әйелдер арасында және 39-ы – аралас разрядтарда. Турнирлер 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 559 спортшы сынға түседі.