Абай облысында «Айдарлы» кен-байыту комбинатының (КБК) құрылысының басталуына арналған салтанатты шара өтті. Жаңа комбинат Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі ірі жобалардың біріне айналып, елдің өнеркәсіптік дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде, деп хабарлайды infohub.kz.

Салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі Берік Уәли, компания басшылығы мен серіктестер қатысты. Жобаны «Aidarly Mining» ЖШС жүзеге асыруда.

«Айдарлы» КБК толық қуатына шыққанда жылына 75 млн тонна кен өңдей алады. Кәсіпорын мыс концентратында жылына 226 мың тонна мыс және молибден концентратында 3,55 мың тонна молибден өндіретін болады. Өндірістік кешен құрамына карьер, ұсақтау кешені, байыту фабрикасы, энергетикалық, көліктік және инженерлік инфрақұрылым нысандары, сондай-ақ жұмысшылардың жайлы демалуы мен спортпен шұғылдануына арналған аумақтары бар вахталық қалашық кіреді.

Басқарушы компанияны таныстырған «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас директоры Фарит Суфьянов атап өткендей, жобаның Қазақстан экономикасы үшін елеулі мультипликативтік әсері бар.

««Айдарлы» КБК-да 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, ал жобаны іске асыруда біз қазақстандық мамандардың, мердігерлер мен жеткізушілердің әлеуетін барынша пайдалануды жоспарлап отырмыз. Біздің бағалауымызша, жобаны іске асырудың барлық кезеңіндегі жиынтық салық түсімдері 1,43 трлн теңгеден асады», – деді «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас директоры Фарит Суфьянов.

«Aidarly Mining» ЖШС құрылтайшысы Эдуард Огай жаңа кен-байыту комбинаты Абай облысының дамуына жаңа серпін беріп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтатынын атап өтті.

«Бүгін біз «Айдарлы» жобасының жаңа кезеңіне – болашақ кәсіпорынның құрылысына көшіп отырмыз. Оның алдында геологиялық барлау, жобалау, инженерлік шешімдерді әзірлеуді қамтитын үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. «Айдарлы» Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің дамуына үлес қосады деп сенеміз. Біз үшін бұл – өңірге салынған инвестиция, жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар және болашақ даму мүмкіндіктері», – деді Эдуард Огай.

Жобаны іске асырудың басты қағидаттарының бірі – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау. Өндіріс қазіргі экологиялық талаптарды ескере отырып жобалануда және технологиялық процесте суды тазартып қайта пайдалануға мүмкіндік беретін тұйық су айналымы циклін көздейді. Кен орнын игеру аяқталғаннан кейін елдің экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес бұзылған жерлерді кешенді рекультивациялау жүргізіледі.