2 қыркүйектен бастап Қазақстанда тағы бір әйелдер вагоны пайда болады. Жаңа вагон астананы Батыс Қазақстан облысымен байланыстыратын Тальго №81/82 «Нұрлы жол — Орал» пойызының құрамына қосылады. Бұл шешім жолаушы әйелдер тарапынан сұраныстың жоғары болуына байланысты қабылданды, деп infohub.kz хабарлайды.

№81/82 пойызы күнара жүріп, тоғыз аялдама жасайды. Жаңа вагонның іске қосылуымен әйелдер вагондары бар бағыттар саны 13-ке жетеді.

Қазіргі уақытта әйелдер вагондары келесі бағыттар бойынша жүреді: Алматы-2 – Маңғыстау; Алматы-2 – Өскемен-1; Павлодар – Түркістан; Маңғыстау – Семей; Атырау – Нұрлы жол; Алматы-1 – Ақтөбе; Нұрлы жол – Алматы-2; Нұрлы жол – Шымкент; Ақтөбе – Алматы-1; Алматы-2 – Шымкент; Нұрлы жол – Семей; Орал – Маңғыстау; Нұрлы жол – Орал.

Әйелдер вагондарында әйелдер, сондай-ақ ересектердің ертіп жүруімен жеті жасқа дейінгі ұл балалар ғана жүре алады. Билет сатып алу кезінде «ЖН» белгісіне назар аудару керек. Әйелдер вагондарындағы билет бағасы қарапайым билеттерден ерекшеленбейді.

Қазақстанда алғашқы әйелдер вагондары 2021 жылдың қазан айында пайда болды. Сонда олар екі бағыт бойынша жолға шықты: Алматы – Маңғыстау және Алматы – Өскемен.

Бұған дейін Астанада ҚТЖ локомотивтері мен машинист симуляторы бар жаңа мұражайдың ашылғаны хабарланған болатын.