Австралиялық әйелдер әлі күнге дейін ақысыз үй жұмысы мен жақындарына күтім жасаудың негізгі бөлігін өз мойнына артып отыр. Бұл ретте гендерлік рөлдер туралы қоғамдық түсінік айтарлықтай өзгерген. Осындай қорытындыға Австралиядағы Квинсленд университетінің зерттеушілері HILDA үй шаруашылықтарын ұзақ мерзімді бақылау деректерін талдай отырып келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Австралиялық статистика бюросының дерегінше, ел тұрғындары күн сайын ақысыз еңбекке — үй жинауға, балаларға, қарт туыстарға және мүгедектігі бар ересектерге күтім жасауға — орта есеппен төрт сағат 53 минут жұмсайды. Бұл ерлердің көрсеткішінен бір сағаттан астам уақытқа артық. Сонымен қатар соңғы 20 жылда ерлердің бұл істерге араласуы айтарлықтай өспеген. 2023 жылы ерлердің 66 пайызы мен әйелдердің 80 пайызы жұмыс істейтін жұптар тұрмысты да, бала күтімін де тең бөлісуі керек деген пікірмен келіскен.
Салыстыру үшін: 2001 жылы рөлдерді дәстүрлі бөлу моделін ерлердің 30 пайызы мен әйелдердің 26 пайызы қолдаған, ал 2023 жылға қарай олардың үлесі тиісінше 11 және 9 пайызға дейін төмендеді.
2024 жылғы зерттеу дерегінше, қарт немесе еңбекке қабілетсіз туыстарға тегін күтім жасауды әйелдердің 12 пайызы мен ерлердің сегіз пайызы қамтамасыз етеді. Ал 50-59 жас тобында бұл алшақтық 23 пен 13 пайызға жетеді.
Ғалымдар бұл теңгерімсіздікті қаржылық және мәдени кедергілермен түсіндіреді: бала күтіміне арналған ақылы демалыс базалық мөлшерлеме бойынша есептеледі, сондықтан ер адам демалысқа шыққанда отбасы көбірек ақша жоғалтады. Ал жұмыстағы басшылар отбасы үшін икемді кестені пайдаланатын ерлерді жиі жағымсыз қабылдайды. Carers Australia ұйымының бағалауы бойынша, австралиялықтар жыл сайын шамамен 2,2 миллиард сағат ақысыз күтім жасайды, бұл 77,9 миллиард долларға тең.


