Қазақстандық Air Astana әуекомпаниясы елорданы Бангкокпен жалғайтын жаңа бағыт ашты. Астана — Бангкок — Астана бағытындағы ұшулар 2026 жылғы 11 желтоқсанда басталып, аптасына екі рет — сейсенбі және жұма күндері орындалады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Рейстерді Airbus A321LR ұшағы орындайды. Астанадан Бангкокқа ұшу уақыты — 7 сағат 50 минут, кері бағытта — 8 сағат 25 минут.
Экономкластағы барып-қайту билетінің ең төмен бағасы 244 616 теңгеден, бизнес-класта — 969 496 теңгеден басталады.
Көлік министрлігінің нақтылауынша, жаңа бағыт іске қосылған соң Қазақстан мен Таиланд арасындағы рейстердің жалпы саны төрт бағыт бойынша аптасына 20-ға жетеді.
Қазіргі таңда әуекомпаниялар мына бағыттар бойынша ұшады: Алматы — Пхукет — аптасына жеті рейс (Air Astana); Алматы — Бангкок — аптасына тоғыз рейс (алтауын Air Astana, үшеуін Thai AirAsia X орындайды); Шымкент — Бангкок — аптасына екі рейс (SCAT).
Жаңа бағытқа билеттер Air Astana сайтында, қосымшасында, сондай-ақ аккредиттелген туристік агенттіктерде қазірдің өзінде қолжетімді.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Таиланд астанасында жаңбыр маусымына байланысты су тасқыны болып, билік Бангкоктың барлық 50 ауданында апат режимін жариялағанын хабарлаған еді.


