Air Astana бизнес-классқа билет сатып алған жолаушылар ұшақ ауыстырылғандықтан уәде етілген жайлы жағдайға қол жеткізе алмағанын айтып, авиакомпания бұл жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz.

Threads әлеуметтік желісінде medina.style_ қолданушысы авиатасымалдаушыға шағым жазды. Оның айтуынша, ол Алматы — Гуанчжоу рейсіне жатқызылатын орындықтары бар бизнес-класс билеттерін төлеген, бірақ ұшуға аз уақыт қалғанда ұшақ ауыстырылған.

«Ұшуға бірнеше сағат қалғанда сіздер ұшақты тыныш ауыстырып жібердіңіздер, менің "жатқызылатын бизнесім" арқасы 15 градусқа қисаятын қарапайым орындыққа айналды. Баламен 6 сағат отырып ұштым. Түнде! Жатқызылатын орынның ақшасын төлеп. Бұл мүлдем бизнес емес! Алдын ала ескерту керек еді ғой? Олар маған басқа билет сатып алу немесе күнін өзгерту мүмкіндігінен айырды», — деп наразылығын білдірді әйел.

Пост астындағы пікірлерде бірнеше қолданушы осындай мәселеге тап болғанын айтты. Олардың бірі: «Черногорияға ұштық. Толық бизнес үшін үлкен ақша төледік. Нәтижесінде Алматыдан ұшамыз, бізге автор жазған ұшақты ауыстырып береді. Ашуымыз қойнына сыймады. Туроператорымыз ұрысты, бірақ еш нәтиже болмады. Air Astana айырмашылықты қайтаруға немесе келесі ұшуларға жеңілдік жасауға міндетті деп ойлаймын», — деп жазды.

Тағы бір қолданушы: «Бүгін таңертең Гуанчжоу — Алматы бағытында ұштық. Екі бизнес билет сатып алдық, сонымен қатар ыңғайлы ұшу үшін арнайы орындар таңдадық. Стандартты билеттен 3 есе қымбат төледік, нәтижесінде ең қарапайым ұшақпен ұштық», — деп атап өтті.

Air Astana авиакомпаниясы ұшақ ауыстыру жағдайына түсініктеме берді: «Әуе кемесін ауыстыру — мәжбүрлі шара, ол операциялық немесе техникалық себептерге байланысты болуы мүмкін. Бұл ретте жолаушылардың қауіпсіздігі біз үшін әрқашан басты басымдық болып қалады. Бизнес-класс орындықтарының конфигурациясы күткеннен өзгеше болғанына шынайы өкінеміз».