Ормуз бұғазындағы шиеленістің сақталуына байланысты қазақстандық туристер Біріккен Араб Әмірліктеріндегі демалыссыз қалу қаупіне тап болып отыр: Air Astana әуе компаниясы Дубайға рейстерді тағы да ұзақ мерзімге тоқтатты, деп хабарлайды infohub.kz.
21 шілдеге дейін Астана мен Алматыдан Дубайға рейстер әлі де орындалады. Алайда 21 шілдеден 31 тамызға дейін ұшулар қайта тоқтатылады.
Әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметі: «Жолаушыларға билеттерді сатып алған жерінде толық қайтару немесе кейінгі күндерге тегін қайта брондау, сондай-ақ басқа халықаралық бағыттарға қайта брондау мүмкіндігі беріледі», — деп түсіндірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Air Astana Иран мен АҚШ арасындағы қақтығыстың өршуіне байланысты Дубайға рейстерді екі күнге тоқтатқан болатын. Енді әуе компаниясы қауіпті бағыттан жазғы туристік маусымның соңына дейін бас тарту туралы шешім қабылдады.
Бұдан бұрын Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей Kursiv LifeStyle-ке берген сұхбатында ұшқышсыз ұшақтардың шабуылынан кейін Дубай туристерінен айырыла ма деген пікірін білдірген еді.


