Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы «Эйр Астана» АҚ-да 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыру және қылмыстық кірістерді заңдастыру ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Схеманы ұйымдастырушы 9 жылға бас бостандығынан айырылды, ал оның екі сыбайласы 8 жыл 6 айға сотталды. Сондай-ақ, барлық сотталғандарға мүлік тәркілеу және коммерциялық ұйымдарда 5 жыл бойы лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу жазасы тағайындалды.

Сот зардап шеккен тараптың 1 млрд теңгеден астам сомаға азаматтық талап-арызын қанағаттандырды. Тәркіленген мүлік келтірілген залалды өтеуге бағытталады.

Апелляциялық саты қорғаушының дәлелдерін қарастырып, үкімді өзгеріссіз қалдырып, шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырды.