Тамыз айының басынан бастап қытайлық Air China әуекомпаниясы Астана — Пекин бағытындағы рейстер жиілігін аптасына алты ретке дейін арттырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметінде атап өткендей, енді үш рейс тікелей, ал тағы үшеуі Сиань қаласына аралық қону арқылы орындалады.

Қазақстан астанасынан Пекинге тікелей рейстер сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері қолжетімді. Астана — Сиань — Пекин бағыты бойынша жолаушылар дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері ұша алады.

Осының арқасында саяхатшылардың Қытайға іскерлік және туристік сапарларды жоспарлау мүмкіндіктері кеңейді. Әуежайда рейстер жиілігінің артуы Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамытуға, сондай-ақ елдер арасындағы туристік, экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Air China — штаб-пәтері Пекинде орналасқан Қытайдың ұлттық әуе тасымалдаушысы. Компания Star Alliance халықаралық авиациялық альянсының мүшесі болып табылады, ал оның бағыттар желісі Қытай, Азия, Еуропа және әлемнің басқа аймақтарындағы қалаларды қамтиды. 2025 жылы Air China тобы шамамен 160 миллион жолаушыны тасымалдады.

Алдыңғы күні Пекинде Қазақстан Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қытай Азаматтық авиация әкімшілігі (CAAC) арасында әуе тасымалы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша келіссөздер өтті.