Airbus компаниясы 24 шілдеде Францияның Тулуза қаласынан Австралияның Мельбурн қаласына жаңа A350-1000ULR ұшағының сынақ рейсін жасайды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ұзындығы 17 мың шақырымға жуық маршрут шамамен 22 сағатты алады. Бұл азаматтық авиация тарихындағы ең ұзақ сынақ рейстерінің бірі болмақ. Сынақ Qantas авиакомпаниясының Project Sunrise («Таң») жобасы аясында жүргізілуде. Жобаның мақсаты – Австралиядан Еуропа мен Солтүстік Америкаға аралық қонусыз тікелей рейстер ұйымдастыру.

Егер сынақтар сәтті өтсе, 2027 жылдың қазан айынан бастап Qantas Сидней – Лондон және Сидней – Нью-Йорк бағыттары бойынша тоқтаусыз рейстер жасауды жоспарлап отыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін Airbus A350-1000ULR ұшағын жаңартты. Атап айтқанда, лайнердің артқы бөлігіне қуаты 20 мың литр қосымша отын багы орнатылды, сондай-ақ отын жүйесі мен борттағы асхана салқындату жүйесі жетілдірілді. Бұл өзгерістер ұшаққа отын құюсыз тәулікке жуық уақыт ұшуға мүмкіндік беруі тиіс.

Ұшақты коммерциялық пайдалануға енгізер алдында жаңа модификация Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (EASA) сертификатынан өтуі қажет.

Bild басылымының атап өтуінше, алдағы ұшу жолаушылар лайнерінің аралық қонусыз тәулікке жуық әуеде қауіпсіз бола алатынын тексерудің маңызды кезеңі болады.