Ақмола гарнизонының әскери соты бұрынғы әскери қызметшінің пайдасына шешім шығарып, жауапкерден заңсыз ұсталған қаражатты өндіріп, тиісті мүлікті беруді міндеттеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, әскери қызметшінің «Авиациялық қызмет» РММ-ге қаражат өндіру, әскери мүлікті беру және өтемақы төлеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

Талапкер 2025 жылы әскери қызметтен босатылған. Қызметтен босатылған кезде оған тиесілі ақшалай төлемдерден бір бөлігі ұсталып қалған, өтемақы төленбеген, сондай-ақ әскери киім-кешек берілмеген.

Іс материалдарын зерделей келе, сот талапкерден 1 320 807 теңге көлемінде қаражат ұсталғанын анықтады. Бұл ұстаудың заңды негіздерінің болмауына байланысты сот оны заңсыз деп таныды. Сонымен қатар, сот әскери қызметтен босатылған талапкердің Қазақстан Республикасы аумағы бойынша жеке мүлкін тасымалдауға байланысты өтемақы алуға құқығы бар деген қорытындыға келді.

Сот шешімімен жауапкерден талапкердің пайдасына заңсыз ұсталған 1 320 807 теңге және жеке мүлікті тасымалдауға байланысты 544 852 теңге өтемақы өндірілді.

Сонымен қатар, жауапкер талапкерге қолданыстағы нормаларға сәйкес берілмеген әскери киім-кешек пен жарақтандыру заттарын заттай түрде беруге міндетті.

Талапкердің емделуге байланысты шығындарды өндіру туралы талабы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Істі қарау нәтижесінде талапкердің талаптары ішінара қанағаттандырылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.