Ақмола облысында сот қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан адам өліміне әкеп соққан әйелге үкім шығарды. Анасы баласын емізіп отырып ұйықтап қалған соң, нәресте тұншығып қаза тапқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Ақкөл аудандық соты Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігімен (абайсызда адам өліміне әкелу) айыпталған әйелге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот анықтағандай, әйел қонақта ішімдік ішіп, үйіне мас күйінде келіп, түнде баласын емізіп отырып ұйықтап кеткен. Оянған соң, баласының тіршілік белгісі жоқ екенін байқаған. Шақыру бойынша келген жедел жәрдем нәрестенің тұншығып қаза тапқанын растады.
Іс сотқа кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім түрінде түсті. Прокурор сотталушыға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігінің санкциясы 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жай ретінде шын жүректен өкінуін, ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың мас күйінде жасалғанын ескерді.
Сот үкімімен оған пробациялық бақылау белгілене отырып, 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


