Ақмола облысының Қанай-Би ауылында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт құрамасының жаңа бекеті жұмысын бастады. Нысанды жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қолдауымен жаңартып, іске қосты. Жобаның жүзеге асуы өрт қауіпсіздігін арттырып, құтқарушылардың оқиға орнына жету уақытын қысқартады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жаңа бөлімше ең жақын өрт бөлімінен 39 шақырым жерде орналасқан. Ол жалпы саны 596 адам тұратын төрт елді мекенді өрттен қорғайды.

Төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін бекет арнайы көлікпен жабдықталған. Бүгінде команда қажетті өрт-техникалық жабдықпен және жеке құраммен толық жасақталған.

Нысанның ашылуы шалғай аудандар тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам деп бағаланып отыр. Дайындығы бар мамандар мен техниканың болуы өрттерді уақтылы сөндіріп, профилактикалық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстанда осындай 271 ерікті өрт құрамасы жұмыс істеп тұр.