Ақмола облысында жаңа көліктерді тасымалдаған автовоз қатысқан кезекті жол-көлік оқиғасы болды: көлік арыққа аударылып, жүргізуші дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі нақтылағандай, оқиға 25 қарашада Астана — Атбасар — Жақсы автожолының 300-шақырымында, Перекатное ауылының маңында болды. FAW маркалы автовоздың жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік арыққа түсіп, аударылып қалды.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді. Сонымен қатар автовоз тасымалдаған бес көлік механикалық зақым алды.
Қазіргі таңда оқиға фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, оның нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады.
Айта кетейік, бұл аталған трассадағы алғашқы осындай оқиға емес. Бұған дейін, 2026 жылғы 13 қарашада, Астана — Атбасар — Жақсы автожолының 131-шақырымында FAW автовоздарының шетелдік жүргізушілері Хоргосстан Ресейге қарай бет алып, он бес жаңа көліктен тұратын ірі партияны тасымалдаған. Қозғалыс кезінде бірінші автовоздың жүргізушісі трассада пайда болған көктайғақ салдарынан рульге ие бола алмай қалды. Соқтығысу нәтижесінде көп тонналы фуралар жүріс бөлігінен шығып, арыққа аударылып қалды. Сол кезде қолдағы деректерге сәйкес, ешкім зардап шекпеген.


