Ақмола облысының Щучинск қаласында патрульдік полиция қызметкерлері тынысы тоқтап қалған нәрестені анасымен бірге ауруханаға жедел жеткізді. Оқиға 8 қарашада болған, кейін әйел тәртіп сақшыларына алғыс айтып, жайтты баяндап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қала тұрғынының айтуынша, сәби кенеттен тынысын тоқтатқан. Ата-анасы дүрбелеңге түсіп, ауруханаға қарай жүгірген, алайда жолда кептеліске тап болған. «Бала киімсіз еді, мен шұлықпен-ақ жүгіріп шықтым — бізге сәбиді құтқарудан басқа ештеңе маңызды болмады. Әр секунд санаулы еді», — деп еске алады әйел.
Кішкентай балаға шұғыл медициналық көмек қажет болды, бірақ тығыз көлік ағыны ата-анаға емдеу мекемесіне тез жетуге кедергі жасады. Сол сәтте Әуезов көшесінде аға инспектор Бекжан Искендір мен оның әріптесі Нұржан Құрманғожиннен тұратын патрульдік экипаж болған. Полицейлер құшағында баласы бар абыржыған әйел жүгіріп шыққан көлікті байқап қалды.
Жағдайды бағамдаған қызметкерлер дереу көмекке келді. Олар әйелді сәбиімен бірге қызметтік көлікке отырғызып, арнайы жарық белгілері мен дыбыс сигналын қосып, оларды ауруханаға жедел жеткізді.
«Сіздер бізге өміріміздегі ең қорқынышты сәтте, көмекке мұқтаж болған кезде қол ұшын бердіңіздер. Бұл істеріңізді ешқашан ұмытпаймыз! Жүректеріңіздің мейірімділігі мен адамгершілігіңіз үшін бас иеміз», — деп алғыс айтты әйел.


