Ақмола облысында сапбордта жүзіп жүрген екі ер адам жоғалып кеткен еді, оларды іздеу сәтті аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға Астана су қоймасында болды. 2001 және 2002 жылы туған ер адамдар суға түскен, бірақ кенеттен соққан жел мен биік толқындар салдарынан оларды жағадан шамамен 4 шақырымға алып кеткен.

Ақмола облысы және Астана қаласы ТЖД құтқарушылары дереу іздеуге шықты. Операция шамамен төрт сағатқа созылды. Түнгі сағат бір шамасында жоғалғандар қамыс арасынан табылды. Олар ұйықтап қалып, құтқарушылардың белгілерін естімеген.

Ер адамдар жағаға жеткізілді, оларға медициналық көмек қажет болмады. Дегенмен, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін олар ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ТЖМ еске салады: суға шығар алдында ауа райы жағдайын және болжамды ескеру, желдің күшеюі мен толқын биіктігіне назар аудару қажет. Қолайсыз ауа райында суға шықпау керек.