Ақмола облысында прокуратура жол жөндеуге арналған бюджет қаражатының жымқырылғанын анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомствоның ресми сайтында мәлім болғандай, Бұланды ауданының прокуратурасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйымның басшыларына қатысты бюджет қаражатын ерекше ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

«2023 жылы ТКШ бөлімі мен мердігер арасында Никольское ауылындағы ұзындығы 5,4 км ішкі ауылдық жолдарды орташа жөндеуге 167,8 млн теңгеге шарт жасалған. Шарттың мерзімі 2024 жылдың желтоқсанында аяқталды, 103 млн теңге бюджет қаражаты игерілді. Тексеру барысында орындалмаған жұмыстың нақты көлемі 78 млн теңгені құрайтыны, ол қаражат жол жөндеуге қатысы жоқ мақсаттарға жұмсалғаны анықталды», — деді Ақмола облысының прокуратурасында.

Қылмыстық іс арнайы прокурорлардың өндірісіне берілді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.